Ей, адамзат! Аштықтан кейін тоқтық, шөлден кейін шөлдің қануы, ұйқысыздықтан кейін қанып ұйықтау, дерттен кейін айығу бар. Кеткен адам жуырда келеді, адасқан адам жолын табады, қараңғылық сейіліп, таң атады.
Түнді таулардың асқар шыңдарынан, ойпаттар баурайынан ығыстырып шығаратын таңмен сүйіншіле. Қайғырып тұрған адамды жарықтың жылдамдығындай қас-қағым сәтте келіп қалатын кеңдік-жеңілдікпен сүйіншіле. Қиналып тұрған жанды шуақты мейіріммен, аялы алақанның сипауымен сүйіншіле. Егер ұзыннан-ұзақ созылып жатқан шөл даланы көрсең, оның аяқ жағында жасыл-желекті орманның, салқын-саялы бау-бақшаның бар екенін біл. Жоғары өрлеген сайын тау шыңының бітерін біл.
Көз жастан кейін күлімсіреу, қорқыныштан кейін қуаныш, жайсыздықтан кейін жайлылық болады.
Шынында, өздерінің қиын жағдайларына құл болып қалған адамдар ғана бақытсыздық, қиындықты көреді. Себебі, олар бөлменің қабырғасына, үйдің есігіне ғана қарайды. Олар көздерін қабырғалар артына жүгіртсін.
Ендеше, қысылып, уайымға салынба! Өйткені, бір жағдайдың үнемі жалғаса беруі мүмкін емес. Жақсылық, кеңшілікті күту – ғибадаттың ең абзалы. Күндер өтеді, заман өзгереді. Ғайып көзге көрінбейді. Аса Дана Жаратушы күнде шұғыл. Осыдан кейін Алла Тағала бірер істі пайда қылса, ғажап емес. «Шын мәнінде қиыншылықпен бірге жеңілдік бар». («Шарх» сүресі, 6-аят)